Оралда үздік колледждер марапатталды

Онда облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, өңірде 38 колледжде 20 мыңдай шәкірт білім алса, оларға 10 мыңдай педагог дәріс береді. Елбасы жастарды жұмысшы мамандықтарына оқытуға ұдайы көңіл бөліп, қолдау көрсетіп келеді. Соның бір дәлелі, алдағы жылдан бастап жастар жұмысшы мамандықтарына тегін оқитын болады. Жұмысшы мамандықтары қай уақытта да қажет. Бұрыннан бар өндіріс ошақтарына қоса жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындарға білікті мамандар керек. Сондықтан колледждер шәкірттеріне сапалы білім берудің маңызы зор.
Техникалық және кәсіби білім беру саласының ширек ғасыр ішіндегі табыс-жетістіктерін көрсетуді мақсат еткен шара барысында үздік шығармашылық жұмыстар көрмесі ұйымдастырылып, студенттердің инновациялық жобалары қойылды. «Индустриалды және инновациялық Қазақстан» атты байқау қорытындысына сәйкес Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының Батыс Қазақстан академиялық колледжі «Нұрлы Отанымыз - тәуелсіз Қазақстан» (хормен орындау), ауыл шаруашылығы колледжі «Ұлы дала елі - тәуелсіздіктің 25 негізі», Зеленов ауданындағы Рубежин колледжі «Мәңгілік елім - Қазақстан» (ән), экономика және ақпараттық технологиялар колледжі «Гүлдене бер, Қазақстан!» (би) аталымы бойынша оза шауып, лауреат атанды.
Фестиваль барысында сондай-ақ Орал политехникалық колледжінің директоры Қанат Қырықбаев «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің директоры Бақытжан Қоспаев Ы.Алтынсарин төсбелгісімен марапатталды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамоталары да табыс етіліп, шара соңы мерекелік концертке ұласты.