Оралда волейболдан ерлер арасында Ұлттық лига ойындары өтіп жатыр
Орал қаласында волейболдан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатының ойындары өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
«Орал» спорт кешенінде алғашқы болып «Ұшқын-Көкшетау» және «Буревестник» (Алматы) командалары шықты.
Мұнда алматылықтар айқын басымдылық танытып, 3:0 (25:22, 25:23, 25:18) есебімен ұтты.
Есесіне бұдан кейінгі қос кездесу аса тартысты өтіп, бес сетке созылды. «Есіл» (СҚО) камбэк жасап, «Атырауды» 3:2 (18:25, 19:25, 25:23, 25:19, 16:14) есебімен қапы қалдырды.
Ақтөбеліктер «Жетісу жастарын» 3:2 (25:23, 19:25, 20:25, 25:23, 18:16) есебімен тізе бүктірді.
Бейсенбі күнгі орталық матч жергілікті «Жайық» пен ел чемпионы «Павлодар» арасында өтті.
Бұл екінші турдан кейінге қалдырылған бәсеке еді.
Бірінші партияда павлодарлықтар (25:19) шеберлік танытса, екінші сетте оралдықтар таразы басын теңестірді — 25:22.
Бұдан кейін Виктор Козиктің шәкірттері екі партияда алда тұрып, соңғы сәттерде есе жіберіп алды — 24:26, 24:26. Қорытынды есеп — 3:1, «Павлодардың» пайдасында.
Турнир кестесінде «Жайық» бұрынғысынша үшінші сатыда қалса, «Павлодар» 32 ұпаймен екінші орындағы «Тараздан» ұзай түсті.
Оралдағы үшінші тур ойындары 19 қаңтарда мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан ел чемпионатында «Павлодардың» жекедара көш бастағанын жазған болатынбыз.