Оралда волейболдан жасөспірімдер арасында ел чемпионаты мәреге жетті
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда волейболдан 2003-2004 жылғы жасөспірім қыздар және 2005-2006 жылғы ұлдар арасында ҚР қысқы чемпионаты мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Турнир волейбол спортын одан әрі дамыту және мықты жасөспірімдерді ұлттық құрамаға іріктеу мақсатында ұйымдастырылды.
Жарысқа Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының командалары қатысып, бақ сынады. Оралға барлығы 300-дей жасөспірім волейболшылар жиналды.
Чемпионат қорытындысында қыздар арасында «Қостанай» командасы жеңімпаз атанды. «Жетісу» мен «Екібастұз» екінші-үшінші орындарды бөлісті. «Екібастұзбен» тартысты кездесуде 2:3 есебімен ұтылған оралдықтар төртінші орынды қанағат тұтты.
Ұлдар арасында қызылордалықтар чемпиондық атақты жеңіп алды. Жамбыл екінші, Алматы облысы үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ үздік ойыншылар да марапатталды.