Оралда «WestKazInvest-2017» халықаралық форумы өтуде
Шара қонақтары мен кәсіпкерлерді Батыс Қазақстанның экономикалық жетістіктері, инвестициялық әлеуеті және нақты жобаларымен таныстыруды көздейтін, екі күнге созылатын жиынға шетелдік, сондай-ақ Ресейдің көршілес өңірлерінен, Астана, Алматы қалаларынан компаниялар қатысуда.
Оқушылар және жастар сарайында форумның ашылу рәсіміне қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, аталған жиын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бизнеске қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылды. Мемлекет қолдауы нәтижесінде Батыс Қазақстан өңірінде де индустриялық жобалар жүзеге асырылуда. Мұндай форумдар бизнестің өркендеуіне тың мүмкіндіктерге жол ашары анық. «Қазақстан-Ресей. Өңірлердің шекаралық серіктестігі» көрмесіне Орынбор облысының делегациясы, Самара, Саратов өңірлерінен әріптестер, халықаралық бизнес өкілдері қатысуда. «WestKazInvest» форумы нақты жобаларды жүзеге асыруға септеседі. Мысалы, өткен жылғы жиын қорытындысына сәйкес облыста фин әріптестермен бірлескен жобалар қолға алынды. Күні бүгін осы заманғы есік-терезе шығаратын өндірісті іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар биыл Астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінен кейін өңірде қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеуде озық еуропалық технологияны енгізуді көздейтін жобаны жүзеге асыру көзделуде. Биылғы форумда агроөнеркәсіп кешені мен мұнайгаз саласын дамытуда инновациялық тәсілдерді қолдану, бизнеске қаржы ұйымдары тарапынан қолдау көрсету, кәсіпкерлік пен мемлекеттік салада жаңа технологияларға жол ашу, мемлекеттік қызметті цифрландыруға ерекше екпін түсіріліп отыр.
«Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес өңір жолдары ретке келтіріліп, тиісті инфрақұрылымымен бірге жаңа көліктік-логистикалық орталық салынуда. Кеше Астана мен Алматыдан «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы Оралға жол тартты. Биыл Мәскеу мен Франкфуртқа халықаралық рейстер ашылды. «Орал» әуежайы терминалын қайта құру жоспарда тұр.
Инфрақұрылымның жақсаруы сауда қатынастарының жақсаруына да ықпал етуде. Айталық, БҚО-ның Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен тауар айналымы 7 айда 330 млн АҚШ долларын құраса, соның 310 миллионы Ресейдің үлесіне тиеді. Қазіргі таңда өңірде 230-дай бірлескен кәсіпорын және 400 шетелдік компания табысты жұмыс жасауда.
Форумда Орынбор облысының губернаторы Юрий Бергтің мәлім еткеніндей, бұл жиынның Орынбор, Самара сынды көршілес өңірлер үшін де маңызы зор. Мысалы, Орынбордан форумға елуден астам кәсіпорын қатысуда. Олар өз өнімдерін ұсынып, батысқазақстандық әріптестерімен өзара ынтымақтастық жолдарын талқылайтын болады. Сонымен қатар қос өңірдің балаларының да кездесуіне мүмкіндік жасалды. Орынбор облысының 2 мың шақырымдай шекарасы Қазақстанмен шектеседі. Бұл достық шекарасы болып қала бермек.
Айта кетейік, форум аясында «Мұнай газ секторы - өнеркәсіпті дамыту драйвері», «Агроөнеркәсіптік кешен: Даму. Өңдеу. Экспорт» және «Бизнестің даму институттары мен халықаралық қаржы ұйымдарына қолдау көрсету құралдары» мәселелеріне арналған үш панельдік сессия ұйымдастырылды. Сондай-ақ дөңгелек үстел басында Батыс Қазақстан және Орынбор облыстарының кәсіпкер әйелдері кездесті. Оралдың сауда желілері өкілдері мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері және өңдеушілерінің іскерлік кездесулері болды. Форум алаңдарында денсаулық сақтау, менеджменттің біріктірілген жүйелері, оларды Бірыңғай Еуропалық экономикалық кеңестікте қолдану мәселелері бойынша да басқосу өтеді.
Жиын аясында бірнеше келісімге қол қойылмақ.
Форум 28 қыркүйек күні мәреге жетеді.