Оралда зейнеткерлер көлік карталарын ала алмай жүр
Орал қаласында зейнеткерлер автобустарда жеңілдікпен жүру үшін көлік карталарын ала алмай жүр, деп хабарлайды Kazinform.
Оралда биылғы 1 қаңтардан бастап жолақы бағасы өзгерген болатын. Қала әкімдігінің қаулысына сәйкес тұрғындар қоғамдық көлікте қолма-қол ақшамен 200, қолма-қол ақшасыз 100 теңгеден төлеуге көшті. Зейнеткерлер 50 пайыз жеңілдікпен төлейтіндер қатарына енгізілді. Бұл үшін көлік карталарын алуы керек. Осыған байланысты «Smart Qala Oral» ЖШС әуелі көлік карталары 3 қаңтардан бастап берілетінін хабарлағанмен, бұл жұмыс кейінге қалдырылды. Қалада көлік карталары 8 қаңтардан алты нүктеде беріле бастағанымен, зейнеткерлер бәрінде ұзын-сонар кезекке тап болды.
«Зачаган кентіндегі «Жәңгір хан» сауда үйінде көлік карталары сатылып жатыр дегенді естіп, 9 қаңтар күні сағат 11.00-ден кете бардым. Кезекте тұрғанмен, түсте карта бітіп қалып, тағы күттік. Әйтеуір түстік тағам ішпесем де, сағат 16.00-ге таман алып шықтым. Одан кейін де күн сайын кезек. Зейнеткерлердің ауырып-сырқайтыны бар, жүріп-тұруы қиын, неге бұдан да көп жерде ұйымдастырылмайды?» - дейді қала тұрғыны Бақыт Өтегенова.
«Жәңгір хан» сауда үйінде 12 қаңтар күні де түске дейін зейнеткерлер кезекте тұрғанымен, карта жоқ дегеннен кейін тарап жатты. «Smart Qala Oral» ЖШС басшысы Зәуре Мосқалбаева Алматыдан келетін картаны күтіп, әуежайда тұрғанын айтты.
«Біз картаны дайындап, Алматыға жібереміз, онда тігіледі. Ауа райына байланысты ұшақтар да уақытылы келіп жатқан жоқ. Кідіріс болып жатқаны рас. Жалпы, карталар қалада алты нүктеде, автовокзал мен «Жәңгір хан» сауда үйінен басқа Исатай-Махамбет көшесі бойындағы халыққа қызмет көрсету орталығында, Құрманғазы көшесінде халықты жұмыспен қамту орталығында, «Астана» және 9-шағынауданда «Алтындар» сауда үйінде сатылады», деді З.Мосқалбаева.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында автобуста жол жүру ақысы өзгергенін жазған болатынбыз.