Оралда «Жақсы сөз - жанның тынысы» атты байқау мәреге жетті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында мекемелер мен кәсіпорындар арасында «Жақсы сөз - жанның тынысы» атты облыстық сөз сайысы байқауы мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қоғамның әр саласында қызмет етіп жүрген тілді жетік білетін, қабілетті мамандарды ынталандыру, рухани құндылықтарды насихаттау мақсатында БҚО тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған сайысқа барлығы сегіз топ қатысып, бақ сынады.
Басқарма басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, байқау төрт бағыт бойынша топтық түрде өтті. «Менің Отаным - Қазақстан» атты бірінші бөлімде әр үміткер топ өзін және мекемесін таныстырып, тіл білу шеберлігін көрсетті. «Мемлекеттік тілді білу - парызым» тақырыбында қатысушылар эссе жазып, онда Қазақстандағы қазіргі саяси-әлеуметтік мәселелер, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қамтылды. «Өнерліге өріс кең» бөлімінде әр топ өз өнерлерін (ән, күй, би, көркем сөз оқу) ортаға салды. Ал «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» бөлімінде топтар бір-бірімен пікір алмасып, сұрақтарға жауап берді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «ЭКСПО-2017» - Қазақстанның экономикалық даму әлеуетін жаһанға танытар жоба», «Алаш үкіметіне 100 жыл» - тәуелсіздіктің рухани бастауы» секілді тақырыптар төңірегінде ой толғады.
Байқау қорытындысында облыстық ішкі істер департаментінің «Парасатты полицей» командасы бас жүлдені жеңіп алды. Облыстық клиникалық аурухананың «Жан дауасы» бірінші, «Қазақтелеком» АҚ-ның «Qazaqtili.com» тобы екінші, БҚО денсаулық сақтау басқармасының «Денсаулығы» үшінші орынға ие болды.