Оралда жалған сөз жеткізіп, жұртқа жала жапқан әйелдің бас бостандығы шектелді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының үкімімен Л.Баткаева ҚР ҚК 419-бабы 3-бөлігіне (ауыр қалмыстың жасағаны туралы адамды айыптап, көрінеу жалған сөз жеткізу) сәйкес айыпты деп танылып, оның үш жылға бас бостандығы шектеліп, пробациялық бақылау орнатылды.

 Оралда жалған сөз жеткізіп, жұртқа жала жапқан әйелдің бас бостандығы шектелді

Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, Л.Баткаева биылғы маусым айының аяғында медицина мекемесінде босанғаннан кейін сәбиін мейірбикенің түсіріп алғаны жөнінде ішкі істер органдарына шағымданған. Осы дерек бойынша ҚР ҚК 317-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Біраз уақыт өткен соң Баткаева айтқандарын өзгертіп, Д. деген азаматтың нәрестені ұрлап кеткені жөнінде хабарлаған. Осыған байланысты қылмыстық іс ҚР ҚК 125-бабы 2-бөлігі 5-тармағына (кәмелетке толмаған адамды ұрлау) ауыстырылған. Алайда шілде айының ортасында сотталушы өз айтқандарының бәрі де жалған екендігін мәлімдеді. Сөйтіп ол өтірікті боратып, жұртты босқа дүрліктіріп жүрген болып шықты.

Тергеу барысында қала прокуроры мен сотталушы арасында кінәні мойындау туралы процессуалдық келісім жасалды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.