Оралда жаңа көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Орал қаласындағы 5-шағынауданда тоғыз қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Биылғы мерекелі жылы облыс көлемінде 1500 отбасы жаңа қонысқа көшуде. Облыс орталығында көп қабатты тұрғын үйлер іске қосылып жатса, соның бірі «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ мен прокуратура арасындағы келісімге сәйкес беріліп отыр. «Альтаир» ЖШС салған аталмыш тұрғын үйде 72 пәтер болса, соның 47-сіне прокуратура қызметкерлері қоныстанбақшы. Осының бәрі Елбасы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. 
Жаңа қоныс иелерін облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов те құттықтады.
Тұрғындарға пәтер кілттерін табыс еткен өңір басшысы прокуратура қызметкері Наталья Колпакованың үйіне кіріп, құтты болсын айтып, көрімдікке теледидар сыйлады.