Оралда жаңадан 30 спорт алаңы салынбақ
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында алдағы жылы 30 спорт алаңы салынбақшы. Бұл туралы қала күніне орай «Астана» шағынауданында жаңа спорт алаңының ашылу рәсіміне қатысқан шаһар басшысы Нариман Төреғалиев мәлімдеді.
Қала әкімінің айтуынша, аталған нысан құрылысына жергілікті қазынадан 7,5 млн. теңге бөлінген. Мұнда жас жеткіншектер шағын футбол сынды спорт түрлерімен айналыса алады.
«Қазіргі кезде қалада 44 спорт алаңы бар. Келер жылы тағы 30-ы іске қосылатын болса, жастардың спортпен айналысып, денесін шынықтыруына мүмкіндік молаяды. Елбасы тапсырмасына сәйкес бұқаралық спортты дамытудың бір жолы осы», деді Н.Төреғалиев.
Еске сала кетейік, дәстүрлі қала күніне орай бірнеше спорттық шара жоспарланған. Атап айтқанда, бүгін «Батырлық ойындар» күш сынасу экстримі болса, 10 қыркүйек күні велошеру өтіп, оған бокстан олимпиада чемпионы Данияр мен оның әкесі, жеке бапкері Марат Елеусінов қатыспақшы. Шара соңында белсенді қатысушылар марапатталып, лотерея ойнатылады. Сондай-ақ осы күні волейболдан қала әкімінің жүлдесі үшін халықаралық «Достық-Дружба» турнирі басталады.