Оралда жантүршігерлік жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізуші мас болып шықты

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда адам өліміне соқтырған жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізуші мас болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚазАқпарат бұдан бұрын жазғанындай, Оралда 5 ақпан күнгі жантүршігерлік жол апатынан 33 жастағы жүргізуші мерт болған еді.

Сағат 02.30 шамасында 28 жастағы жүргізуші «Тойота Камри» автокөлігімен бағдаршамда тоқтап тұрған «Ауди-80»-ды соққан болатын. Соның салдарынан «Ауди-80» автокөлігінің 33 жастағы жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Әбілқайыр хан даңғылы бойында жол-көлік оқиғасын жасаған «Тойота Камри» автокөлігінің 28 жастағы жүргізушісі ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы тәртібінде ұсталып, Орал қалалық көпбейінді ауруханасының арнайы палатасына орналастырылды.

«9 ақпан күні шыққан сот-химиялық сараптама қорытындысына сәйкес адам өліміне әкеп соқтырған жол апаты кезінде аталған жүргізуші мас күйінде болған. Қылмыстық іс ҚР ҚК 345-1-бабы 3-бөлімінде қайта сараланды. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан он жыл мерзімге айыра отырып, жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», деп хабарлады ведомстводан.

Аталған оқиға салдарынан қаза тапқан 33 жастағы ер адамның соңында анасы, жары және үш баласы қалды.


Соңғы жаңалықтар