Оралда жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында 294,7 млн астам теңге бөлінді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында Елбасы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты: жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша биыл 76 адамға шағын несие және несие беру үшін 294,730 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оралда жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында 294,7 млн астам теңге бөлінді

Орал қаласы халықты жұмыспен қамту орталығынан түскен мәліметке қарағанда, күні бүгін 34 үміткерге 294 млн теңге алуға жолдама берілсе, соның екеуі 15,830 мың теңге несие қаражатын рәсімдеді. 34 үміткердің 31-і жеке кәсіпкер, үшеуі жұмыссыз азаматтар болып отыр. Несие қаражатына сұраныс берген азаматтарға екінші деңгейлі банктерге жолдама беру жұмыстары жалғасуда.

Облыстық мәслихаттың 2017 жылдың 27 қыркүйегіндегі №13-1 шешіміне сәйкес қосымша 558 мың теңге қаралды.

Бағдарламаның «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық, кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету»  бірінші бағыты бойынша биылғы 1 қыркүйектен бастап Орал қаласы білім беру бөлімі техникалық және кәсіптік білім алу үшін 374 жасқа жолдама берді. Ол жұмыстарды ұйымдастыру үшін қалалық білім беру бөлімі арқылы жедел топтар  құрылып, жоғары оқу орындарына түспей қалған, 9 және 11-сынып оқушылары арасынан ниет білдіргендердің тізімі жасалды. Еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша  976 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Ол үшін мемлекеттік бюджет тарапынан 134,682 млн теңге беріліп, жоспарланған 42,170 млн теңге толық игерілді.

Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 976 адамды қамту көзделсе, тоғыз айда 623 адам жолданды немесе жоспар 63,83 пайызға орындалды.

Бағдарламаның «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту»  үшінші бағыты бойынша әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға барлығы 50 адамға 8,450 млн теңге бөлінді. Тоғыз айда 4,968 млн теңге игеріліп, 62 адам жолданды.

Жастар тәжірибесін ұйымдастыруға барлығы 265 адамға 21,957 млн теңге қарастырылған болатын. Есепті мерзімде 17,970 млн теңге игеріліп, 385 адам жастар тәжірибесімен жіберілді.

Айта кетейік, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан - 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мақсатында ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы №919 қаулысымен бекітілген болатын. Соған сәйкес қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы азаматтардың бағдарламаға қатысуы үшін тиісті ақпараттық және кеңес беру жұмыстарын атқаруда. Биылғы 1 қазанға дейін 7978 адам жұмысқа орналасу жөнінде өтініш берілсе, соның 3012-сі жұмыссыз ретінде танылды.

Тоғыз айда 4912 адам мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. Соның ішінде 2236 адам тұрақты жұмысқа, 121 адам басқа бағдарламаларға, 678 адам жастар тәжірибесіне, 96 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 1153 адам қоғамдық жұмыстарға, 629 адам кәсіптік оқуға жолданды. Екі адам шағын несиеге қол жеткізді.

Биылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша шаһарда 1837 адам жұмыссыз ретінде есепте тұр. Жұмыссыздық деңгейі 1,3 пайызды құрап отыр.