Оралда жас сарбаздар іс-шарасына 700-ге жуық оқушы қатысты

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында «Мәңгілік алау» жанында Отан қорғаушылар күніне орай жас сарбаздар патриоттық іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Алаңда мектеп оқушылары сапқа тұрды. Қала әкімі Миржан Сатқанов бұл іс-шараның маңыздылығын атап көрсетіп, өскелең ұрпақты мектеп жасынан бастап Отанды қорғауға үйрету қажеттігін жеткізді.

«Мұндағы мақсат – жасөспірімдерді Қарулы күштер қатарында борыштарын өтеуге дайындап, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Патриоттық акцияға қала мектептерінен 700-ге жуық оқушы қатысты. Қазіргі таңда Оралда 50 мектепте патриоттық клубтар жұмыс жасайды. Үш мектепте «Жас сарбаз» сыныбы ашылды. Бұл сыныптарда оқушылар білім алумен қатар, әскери өнердің алғашқы әліппесін қоса меңгереді. Алдағы уақытта осындай тағы 5 «Жас сарбаз» сыныбын ашу көзделіп отыр. Оқушылардың бойында патриотизмді қалыптастыру мақсатында Орал қаласында оқу-далалық жиыны өткізідліп, оған 1 200 оқушы қатысты», - деді шаһар басшысы.

Жиында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері мен әскери құрылымдары киім үлгілерінің көрсетілімі ұсынылды. Сонымен қатар, БҚО полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағы жұмыс барысында қолданатын әдістерін көрсетті.

Патриоттық акция балалар мен жасөспірімдер арасында жол-көлік апатының алдын алу, жолда жүру ережесінің сақталуын қадағалау мақсатында құрылған әскери-патриоттық клубтар мен жас жол сақшыларының саптық көрсетілімімен жалғасты.

Облыстық білім басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мейрамы қарсаңында барлық мектептерде ерлік сабақтары ұйымдастырылды.


Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Жеңіс күніне орай 5 мыңнан астам адамға материалдық көмек көрсетілгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Оралда «Ер – елдің қорғаны» атты мерекелік іс-шара өтті.

ҚазАқпарат. Батыс Қазақстан.

Фото: Динара Насыр


Соңғы жаңалықтар