Оралда жас тәртіп сақшылары мен олардың тәлімгерлері бас қосты
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында Елбасы тапсырмасына сәйкес кадр саясатын одан әрі жетілдіру мақсатында БҚО ішкі істер департаменті жас тәртіп сақшылары мен олардың тәлімгерлерінің слетін өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қызметке қабылданғанына көп бола қоймаған жас мамандарды құттықтаған департамент бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бағдар Әбуовтің атап өткеніндей, жыл сайын ұйымдастырылатын аталмыш шараның маңызы зор. Әсіресе, ол жас мамандардың кәсіби шыңдалуына, жеке құрамды патриоттық рухта тәрбиелеуге игі ықпалын тигізеді. Бір жыл ішінде 180 жас маман қызметке қабылданса, соның 30-ы ҚР ІІМ жоғары оқу орындарын тәмамдаған. Олардың әрқайсысына тәлімгер бекітілген. Осы шараға 150 қызметкер қатысса, соның 47-сі - тәлімгер, 107-сі - жас мамандар.
Жиында сондай-ақ департамент ардагерлер кеңесінің төрағасы Жайлыбай Адаев, кадр жұмысы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жанболат Мұсадиев, Орал қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Наурызбай Ғұмаров сөз алып, тәжірибелерімен бөлісті. 
Шара кезінде еңбек тәжірибесі мол, кәсіби шеберлігі шыңдалған озық тәлімгерлер мен үздік жас мамандар марапатталды. Сол секілді қысылтаяң кезде қарапайым азаматтарға қолұшын созып, ерлігімен «Қазіргі заман қаһарманы атанған Сырым аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Едірес Зейнуллин, Орал қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің қызметкері Мұхит Әбілқайыров, ІІД тергеу басқармасының жүргізуші-полицейі Ғабит Нұғманов сынды тәртіп сақшылары жас мамандарға үлгі етілді.
Слетке қатысушылар БҚО ІІД құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және арнайы дайындық базасының аумағында Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың және қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған батысқазақстандық сақшылардың құрметіне орнатылған мемориалдық кешенде болып, облыстық қазақ драма театрында Шерхан Мұртазаның Бауыржан Момышұлы туралы жазылған «Ноқтаға басы сыймаған» туындысы негізінде қойылған спектакльді тамашалады.
