Оралда жасанды мұз айдынының құрылыс жұмыстары аяқталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов «Жастар» стадионында жасанды мұз айдыны құрылысымен барысымен танысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Қазіргі таңда стадионда құрылыс жұмыстары аяқталып, абаттандыру ғана қалған.
Мұздатқыш жабдықтары, су дайындау, құю жүйесі толықтай орнатылған. Мұндағы құйылған мұз күн 10 градусқа дейін жылынғанда да ерімейді. Сондықтан допты хоккей шеберлерінің қыс өз алдына, көктем мен күз мезгілінде де барынша ұзақ дайындалуына, кездесулер өткізуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар стадион мұз айдынын тегістейтін соңғы үлгідегі техникалармен, қардан тазартатын машиналармен жабдықталған.
Айта кетейік, жасанды мұз айдыны «ҚПО б.в.» компаниясының қаржысына салынды. Бұл Қазақстандағы допты хоккейге арналған алғашқы жасанды мұз айдыны болмақ. Қазіргі кезде допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» өз ойындарын уақытша «Стеновик» стадионында өткізуде. Жасанды мұз айдыны іске қосылғаннан кейін мұнда допты хоккейден Қазақстан құрамасы да жаттыға алады.