Оралда жасөспірімдер арасында велосипед спортынан ел біріншілігі өтуде
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында жасөспірімдер арасында велосипед спортынан Қазақстан біріншілігі өтуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде мұндай деңгейдегі чемпионат Оралда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл Батыс Қазақстанда велосипед спортының қарқынды дамуына септесетін болады.
П.Атоян атындағы стадионда салтанатты түрде ашылған жарысқа Қазақстан өңірлері мен қалаларынан жасөспірімдер арасындағы ең мықты спортшылар келді. Олар жекелей және командалық сында, топтық және айналмалы бәсекеде сынға түседі.
Велосипед спортынан Қазақстан мемлекеттік жаттықтырушысы Жетес Сүлейменовтің сөзіне қарағанда, бес күнге созылатын біріншілік қорытындысына сәйкес ұлттық құрама жасақталады. Олар алдағы уақытта Азия және әлем чемпионаттарында ел намысын қорғайды.