Оралда жастарға арналған коворкинг орталығы ашылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда оқушылар және жастар сарайында жастарға арналған «Bastau» коворкинг орталығы ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Бұл қала мен облыс жастары, әсіресе, жастар ұйымдарының белсенділері үшін елеулі оқиға болды. Бұрын олардың көбінің өз идеяларын талқылап, жүзеге асыру үшін бас қосатын тұрақты орны жоқ еді. Енді шартты түрде төрт аймаққа (дәріс аймағы, жеке жұмыс, командалық жұмыс алаңы және еркін аймақ) бөлінген орталыққа келушілер өзі қалаған форматта жұмыс істей алады. Коворкинг орталығында жастар ғаламтор желісін, материалдық-техникалық базаны тегін пайдалана алады. Мұнда жастармен жұмыс жөніндегі облыстық ресурстық орталықтың мамандары келушілерге толық ақпарат беріп, бағыт сілтейді.
Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Аян Сакошевтің айтуынша, коворкинг (co-working - ағылшыншадан аударғанда, бірлесе қызмет жасаушылар) орталық барлық қажетті құрал-жабдықтармен жасақталған ұжымдық офис қана емес, сонымен қатар түрлі мамандықты меңгерген адамдардың бір жерде жұмыс жасауы болып табылады. Оған қатысушылар тәуелсіз әрі еркін болып қала отырып, өз қызметі үшін ортақ кеңістікті пайдаланады. Атап айтқанда, коворкинг фрилансер, бағдарламашылар, дизайнерлер және кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер арасында кеңінен тараған.
Оралдағы коворкингте бизнес-тренингтер, шеберлік дәрістері, зияткерлік ойындар, пікірталастар өткізу көзделуде. Мұнда ағылшын тілін үйренушілер клубы ашылады, сондай-ақ бейнероликті монтаждаушылар, дизайнерлер, фотосуретшілер және басқалар оқытылады.
Орталықты ашу мен материалдық-техникалық базасын жасақтау үшін 3,5 миллиондай теңге бөлінген.
Оған қоса орталықта «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылды, онда белсенді жастар «Еліме саяхат» жобасын, «Туған өлкем» фотокөрмесін, «Елім менің» веб-сайтын қолға алуды талқылай бастады.
Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған меймандар барлық кабинеттерде болып, олардың жұмыстарымен танысты.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жастар - елдің болашағы әрі тірегі, сондықтан олардың барлық мәселелерін шешу мемлекеттің басым міндеттерінің бірі екендігін айтып, үнемі қолдау көрсетіп келеді. Осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында жастар өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алып отыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құрылған аталмыш коворкинг жастардың ел игілігі үшін тың жобаларын қолға алатын нағыз орталығына айналады деп сенеміз», деді өңір басшысы.