Оралда «Жасыл желек» іс-шарасына мыңға жуық жас қатысып, 500-дей көшет отырғызды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласындағы 10-шағынаудан аумағында «Жасыл желек» жастар экологиялық іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: БҚО қоғамдық даму басқармасы

Экологиялық акцияға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, өңірдегі жастар ұйымдарының өкілдері, ЖОО және колледждер студенттері, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары, спортшылар, еріктілер мен белсенді жастар, барлығы 1 мыңға жуық адам қатысты.


Соңғы жылдары жаңадан бой көтеріп жатқан шағынаудан аумағында тазалық жұмыстары жүргізіліп, 500-ге жуық ағаш отырғызылды.

«Біз осындай экологиялық акцияларға жыл сайын қатысып келеміз. Осылайша, қаламыздың таза болып, жасыл желекпен көмкерілуіне үлес қосамыз. Бұл – көппен бітетін жұмыс. Сондықтан шаһар тұрғындарын сенбіліктерге белсене қатысуға шақырамыз», - деді «Ақжайық жастары» жастар волонтерлік корпусының көшбасшысы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті филология факультетінің 2-курс студенті Зарина Бозова.

БҚО қоғамдық даму басқармасы жастар ісі бөлімінің басшысы Ранида Әшенованың сөзіне қарағанда, бүгінгі тал егумен «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысы ресми түрде басталды.

Биыл еңбек жасақтарымен 1175 жасты қамту жоспарланса, соның 1 мыңы Орал қаласында, 475-і аудандарда еңбек етпек. Аталмыш жоба облыста 2007 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.


БҚО қоғамдық даму басқармасы тарапынан биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Жасыл ел» жобасына қатысатын жастарға қосымша ақы төлеу үшін 58,2 млн теңге қарастырылды.

«Орал қаласы мен 12 ауданда сәуір-қараша айларында маусымдық жұмыстарға қатысатын сарбаздар арнайы экипировкамен, құрал-жабдықтармен толық қамтылады. Олар абаттандыру, тал егу, тазалық жұмыстарымен айналысады. Студенттермен қатар жұмыссыз жастар да тартылмақшы. Өткен жылы Батыс Қазақстан облысының «Жасыл ел» штабы республика бойынша үздік атанған болатын. Биыл да сол бағытта жұмыстанбақшы», деді ҚазАқпарат тілшісіне Ранида Әшенова.



Соңғы жаңалықтар