Оралда Жайық жағасындағы бөгеттерді биіктету жұмыстары жүргізіліп жатыр

Жайық жағасы
Фото: Орал қаласы әкімдігінен

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында Жайық өзені жағасының аласа тұстарында бөгеттерді биіктету жұмыстары жүргізілуде. 

«Осындай аумақтардың бірі – Курени ауданында бөгеттер нығайтылуда. Бұл жерге қажетті құм толтырылған қапшықтар, инертті материалдар жеткізіліп жатыр. Жалпы, Жайық өзенінің жағасын нығайтуға 200-дей арнайы техника жұмылдырылмақ. Аталған жұмыс су тасқыны қаупі бар өзге де аумақтарда жүргізіледі», - деп хабарлады Орал қаласы әкімдігінен. 

БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары Қанат Қарабалаевтың айтуынша, облыс бойынша барлығы 581 үй (Оралда – 23, Теректі ауданында – 151, Қаратөбеде – 80, Сырымда – 204, Бөрліде – 84, Бәйтеректе – 39), 245 аула аумағы, 427 саяжай үйі суға кеткен. 

Өңірде 70 жол учаскесінің үстінен су өтсе, 60 жол учаскесін су шайған. 

«Барлығы 7 039 адам эвакуацияланса, соның 3 661-і – балалар. Эвакуациялық пункттерде 1 455 адам қалса, 604-і – балалар. 8 596 адам сыятын осындай 161 қосын әзірленген», - деді Қ.Қарабалаев. 

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың берген мәліметіне қарағанда, Жайық өзеніндегі су деңгейі Январцев гидробекетінде 771 (қауіпті шегі – 1 250 см), Орал қаласы тұсында 695 (850 см), Көшімде 637, Тайпақта 315 сантиметрге жетті. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында 1957 жылғы жағдайдың қайталануы мүмкін екенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ БҚО әкімі Ресейдегі су қоймаларынан көп су жіберіліп жатқаны жөнінде тұрғындарға үндеу жолдады.

БҚО-да салқын судан ауру жұқтыру мүмкіндігі жөнінде жалған ақпарат тарады.

Соңғы жаңалықтар