Оралда «Жайықтың шолпан жұлдызы» атты жыр кеші өтті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында елге танымал айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Қыдырниязованың «Жайықтың шолпан жұлдызы» атты жыр кеші өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оралда «Жайықтың шолпан жұлдызы» атты жыр кеші өтті

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдардың ортасынан қолына домбыра алып, додаға түсіп, Ақ Жайықтың намысын абыроймен қорғаған Шолпан Қыдырниязованың 1980 жылы республикалық ақындар айтысында бас жүлдеге ие болғаны белгілі. Содан кейін де  Дариға Мұштанова, Қатимолла Бердіғалиев, Мэлс Қосымбаев сынды айтыскерлермен бірге айтыстың байрағын биікке көтеріп, кейінгі буынға жол көрсете білді. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы ретінде туған тілдің дамуына сүбелі үлес қосқан Шолпан Батырқызы зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық-саяси өмірге, соның ішінде ономастика мәселесіне, қала көшелеріне қазақтың біртуар қайраткерлерінің есімдерін беру ісіне белсене араласып келеді. Оған қоса әлеуметтік желіде «Менің тәрбие сағатым» атты айдарды тұрақты жүргізіп, жастарға өнегелі сөзін арнап, ақыл-кеңесін айтудан да жалыққан емес.

Кеш барысында ақын өз жырларын оқып, тәлімді әңгімесін айтып, жиналғандар сауалына жауап берді.

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айсұлу Қадырбаева, әнші-термеші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев, белгілі домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ермек Қазиев, ақын-ұстаз Дариға Мұштанова және басқалар жылы лебіздерін білдірді. Ал Гүлбаршын Қасиетова, Армат Еслямғалиев, Майра Хайдарова, Еркін Өтегенов, Айдана Әжіғалиева ақын сөздеріне жазылған әндерді орындап берді. Шара соңында көрермендердің Шолпан Қыдырниязованың сөзіне жазылған әйгілі композитор Әсет Бейсеуовтің «Қоскөл кеші» әнін қосыла шырқауы да ерекше әсер қалдырды.

Абырой төріндегі ақынға облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, Қаратөбе, Ақжайық аудандарының әкімдері Асхат Шахаров пен Әділ Жоламановтың атынан алғысхаттар табыс етілді.