Оралда жазасын өтеуші мен оның анасының шағымындағы дәйектер расталмады
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы РУ-170/2 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Жеңіс Көшекбаев пен оның анасы Әлима Көшекбаеваның шағымында көрсетілген дәйектер расталмады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«ҚазАқпарат» бұдан бұрын хабарлағанындай , 12 қаңтар күні бұқаралық ақпарат құралдарында Ә.Көшекбаеваның ҚР Президенті атына жолдаған бейнешағымы жарияланған болатын.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, арызда көрсетілген уәждерді тексеру үшін топ құрылып, Ж.Көшекбаевтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ол арнайы прокурордың қаулысымен Орал қаласының тергеу изоляторына ауыстырылды.
Облыс прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасы Ж.Көшекбаевқа қатысты азаптау әрекеттері және жазасын өтеушілердің өзіне-өзі қол жұмсауына жеткізу деректері бойынша ҚР ҚК 146-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізді.
Жауап алынған Ж.Көшекбаев өзіне және өзгелерге қатысты азаптау әрекеттері болмағандығын және көрмегендігін айтты. Алайда жазасын өтеушілер Ж.Үсенов пен А.Богомаздан тағы бір жазасын өтеуші Н.Бекбергеновті мекеме қызметкерлері М.Есенгелдин мен А. Мырзашевтің үнемі азаптауын көргендігін, соның салдарынан аталған сотталушының өткен жылдың тамыз айында асылып қалғандығын естігенін жеткізді.
Шағым жазуға анасы мен аталған мекеме қызметкерлерінің келіспеушілігі себеп болған. Биылғы 16 қаңтардағы сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес Ж.Көшекбаевтың денесінен ешқандай жарақат анықталмаған.
Сондай-ақ Ж.Үсенов те мекеме әкімшілігі тарапынан қинау әрекеттерінің болмағандығын, ал Н.Бекбергеновті азаптау туралы жазасын өтеушілер А.Ерғалиев пен Е.Ақбатыровтан естігендігін көрсетті. Оның денесінде де жарақаттар болмаған. А.Ерғалиев пен Е.Ақбатыровқа қоса басқа жазасын өтеушілер де Н.Бекбергеновті азаптау әрекетін көрмегендігін жеткізді.
Ж.Көшекбаев жазасын өтеу кезінде өзін теріс жағынан көрсетіп, ішкі тәртіп талаптарын орындамаған. Осы мерзімде алты рет тәртіптік жауапкершілікке тартылса, соның екеуін РУ-170/2 мекемесінде алған.
Биылғы 9 ақпанда облыс прокуратурасының арнайы прокурорлары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ҚР ҚПК 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағына (қылмыс құрамының болмауы) сәйкес тоқтатты.
Еске сала кетейік, Ж.Көшекбаев Тараз қалалық №2 сотының 2014 жылғы 8 қыркүйектегі үкімімен ҚР ҚК 179-бабы 3-бөлігі «в» тармағына сәйкес, яғни ірі көлемдегі мүлікті ұрлау мақсатымен қарақшылық шабуыл жасағаны үшін 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын жалпы тәртіптегі түзету мекемесінде өтеуге сотталған болатын.