Оралда жазасын өтеушілер Абай оқуларында бақ сынады
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік күніне және ұлы ақынның 175 жылдығына орай Оралда РУ-170/2 мекемесінде жазасын өтеушілер арасында Абай оқулары өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, іс-шараға 8 жазасын өтеуші қатысып, бақ сынады.
Байқау Абай мұрасын оқып-үйрену, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қазақ мәдениеті мен әдебиетін кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Алдымен Абайдың туындыларынан кітап көрмесі ұсынылып, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы бейнеролик көрсетілді.
Мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Бөкенбай Кәкімовтің айтуынша, байқау үш кезеңнен тұрды. Қатысушылардың өнерін арнайы қазылар алқасының мүшелері бағалады. Оларға Абайдың туындылары мен өмірінен сауалдар қойылып, орындаушылық шеберліктері, жанр әртүрлілігі сарапқа салынды.
Байқау жүлдегерлері ескерткіш дипломдармен марапатталды.

