Оралда жазасын өтеушінің анасының бейнешағымына байланысты тексеру жүргізілуде

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Ә.Көшекбаеваның ҚР Президенті атына жолдаған бейнешағымына қатысты Оралдағы РУ-170/2 мекемесінде тексеру жүргізілуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оралда жазасын өтеушінің анасының бейнешағымына байланысты тексеру жүргізілуде

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Ә.Көшекбаева ҚР ҚК 179-бабы 3-бөлімі «в» тармағына сәйкес, яғни ірі көлемдегі мүлікті ұрлау мақсатында қарақшылық жасағаны үшін жалпы тәртіптегі түзету мекемесінде 9 жыл жазасын өтеуге Тараз қалалық №2 сотының 2014 жылғы 8 қыркүйектегі үкімімен сотталған ұлы, 1988 жылғы Жеңіс Көшекбаевқа қатысты заңға қайшы әрекет жасағаны үшін аталмыш колония қызметкерлерін қылмыстық жауапкершілікке тартуды өтінген.

Осыған байланысты облыс прокурорының өкімімен шағымда көрсетілген дәйектерді тексеретін топ құрылды. Қазіргі кезде облыс прокуратурасының арнайы прокурорлары «Адам құқықтары мен заңдылықтың сақталуы жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро» филиалының директоры Павел Кочетковтың қатысуымен сотқа дейінгі тексеруді жүргізуде.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Ә.Көшекбаева мен оның ұлы мәлімдеген барлық дәйектер мұқият тексеріліп, құқықтық баға берілетін болады.