Оралда жазушы-журналист Сара Латиеваның шығармашылық кеші өтті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында Алматыда тұратын қаламгер, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Сара Латиеваның «Сара апай жүрген сара жол» атты шығармашылық кеші өтті.
Шара барысында жазушы өз шығармашылық жолы туралы әңгімелеп, оқырмандарымен сыр бөлісті. Қазақ өнерінің қайталанбас тұлғалары Хадиша Бөкеева, Күләш Байсейітова туралы жазған туындыларының тарихына тоқталды. «Республикалық «Жалын» баспасы жаңадан ашылған кезде Күләш туралы жазудың сәті түсе кетті. Оны білетін, бірге жүрген көп адамдармен кездесіп, пікірлесуге тура келді. Әрине, өнер тарландарының өмірі тек табыс пен бақыттан тұрмайды, көлеңкелі тұстары да болады. Соның бәрін ескерген жөн. Сонда ғана толымды дүние туады. Сөйтіп тапсырыс беріліп, жоспарға енгеннен кейін 1984 жылы «Бұлбұл» кітабы жарық көрді», деді С.Латиева.
Кеште Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақын Айтқали Нәріков, прозашы Мира Шүйіншәлиева, сондай-ақ мұражай ісінің ардагері Сара Танабаева және басқалар Сара Латиеваның тек жазушылық қана емес, журналистік еңбегінің де мол екендігін атап өтті. Қадыр Мырза Әли атындағы орталық директоры, ақын Бауыржан Халиолла облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың атынан алғысхат табыс етті.
Айта кетейік, Сара Латиева 1947 жылы Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында дүниеге келді. Жәнібек ауданының орталығы Жәнібек ауылында орта мектепті бітіргеннен кейін арман қуып, Алматыға аттанды. 1969 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін тәмамдағаннан кейін осы салада ұзақ жыл жемісті қызмет етті.
«Мен соғысты көргенім жоқ», «Бұлбұл», «Хадиша Бөкеева», «Төрелігін өздерің айтыңдар», «Туған жердің түтіні» сынды кітаптардың авторы.