09:02, 01 Мамыр 2017 | GMT +5
Оралда Жеңіс мерекесіне орай «Қасық қаным қалғанша» атты спектакль қойылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында белгілі жазушы Борис Васильевтің шығармасы бойынша «Қасық қаным қалғанша» атты жаңа спектакльдің премьерасы болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Ұлы Жеңістің 72 жылдығына арналған қойылымды режиссер Жігер Мырзалиев сахналады. Суретшісі - Мұрат Мәмбетов.
Спектакль Ұлы Отан соғысындағы қиян-кескі шайқастарды, Отан үшін арпалысты көз алдыңа әкеледі. Ел басына күн туған кездегі адамдардың жан дүниесін ашып көрсетеді. Қойылымда Жасқайрат Валиуллиев лейтенант бейнесін сомдаса, Айдар Жарылғапов политрук рөлінде сахнаға шықты. Айнұр Вахитова, Нұржігіт Сейтмаханбетов, Дулат Хамитов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтыгүл Жақыпова сынды театр әртістері де сәтті ойнай білді.
Айта кетейік, бұл - жас режиссер Жігер Мырзалиевтің биылғы екінші қойылымы. Мұның алдында ол У.Шекспирдің «Гамлетін» сахналаған болатын.