Оралда жер телімдерін заңсыз жария етумен айналысқан қылмыстық топ мүшелері сотталды

ОРАЛ. Қыркүйектің 11-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті А.Жаңатаров пен Х.Қойшыбаевқа қатысты ҚР ҚК 177-бабы 3-бөлімі «а,б» тармағы ( алаяқтық ), 193-бабы 3-бөлімі «а,б» тармағы ( заңсыз жолмен қаржы немесе өзге мүлікті жария ету ) бойынша қозғалған істі аяғына дейін жеткізді.

Оралда жер телімдерін заңсыз жария етумен айналысқан қылмыстық топ мүшелері сотталды

Департаменттің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, аталған екі азамат қылмыстық топ құрып, Орал қаласы аумағындағы жер телімдерін заңсыз жария етуге кіріседі. Орал қаласының жер қатынастары бөлімінің маманы қызметін атқарған А.Жаңатаров бос жатқан жерлерді «тауып», бұл іске Зачаган кенттік округінің қызметкері, жылжымайтын мүлікті жария ету жөніндегі комиссия жұмысына тартылған К.Дошақановты да қосады. Олар басқа да «мамандардың» «көмегі» мен жұмысқа салғырт қарауын шебер пайдаланып,  жер телімдерін «заңдастырып» алып, оларды сатумен де айналысады. Заңсыз жолмен тапқан табыстарын қылдай етіп бөліп алып отырған. Сөйтіп аталған азаматтар заңсыз жария етілген жер телімдерінің шын иелеріне 33 миллионнан астам теңге, сондай-ақ мемлекеттік қордағы жер телімдерін «заңдастыру» есебінен мемлекетке 13,2 млн. теңге залал келтірген.

Тергеу жүріп жатқанда, табанын жалтыратқан К.Дошақанов іздестіріліп жатса, Х.Қойшыбаев 5 жылға бас бостандығынан айрылып, жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтейтін болды. Ал осыншама жылға бас бостандығынан айрылған А.Жаңатаровқа ҚР ҚК 63-бабы қолданылып,  оған екі жыл сынау мерзімімен шартты жаза белгіленді.