Оралда жоғалған бала түн ортасы ауа табылды

Орал қаласы полиция басқармасының баспасөз қызметкері Гүламан Исмағұлованың айтуынша, оқиға кеше кешкісін орын алған. Түнгі сағат 23.40-та Самал көшесі №115 мекенжайында тұратын әйел полицияға хабарласып, кішкентай ұлының үйге оралмағанын айтып, көмектесуін сұрады.
Бала кешкі сағат 18.30 шамасында көрші балалармен ойнауға кеткен. Анасы оның үстіне қандай киім кигенін сипаттап берді. Сол бойынша «Жұлдыз» шағынауданына бет алған мектеп инспекторы, полиция аға лейтенанты Руслан Ғабдуалиев пен учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Асылан Нықбаев осы маңды түгел аралап шықты. Қызмет көрсететін аумақтарына жауапты екі инспектордан бөлек 15 тәртіп сақшысы, 4 түнгі топ құрамындағы полицейлер бірлесе іздеді.
А.Нықбаев пен Р.Ғабдуалиев 2011 жылғы Хамит есімді баланы үйілген құмның үстінен түн ортасы ауа, сағат 00.55-те тапты. Кішкентай бала ойнаған жерінде ұйықтап қалған. Денесі тоңып, оянған Хамит қасында ешкім жоғын көріп, қорқып жылаған. Сол дауыс бойынша жеткен қос тәртіп сақшысы баланы үйіне апарып, ата-анасының қолына табыстады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда із-түзсіз кеткен 16 жастағы Азия чемпионы табылған болатын.