Оралда жоғалып кеткен 9 жасар бала аман-есен табылды
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков мәлім еткендей, баланың жоғалып кеткені жөнінде хабар кеше сағат 20.17-де түскен.
Жедел іздестіру шаралары барысында патрульдік полиция батальонының взвод командирі, полиция аға лейтенанты Мербол Жанғалиев баланы сағат 21.13-те аман-есен тауып алды.
Баланың анасы Нұргүл Сисенованың сөзіне қарағанда, ұлы сағат 13.00-де өздері тұратын Зачаган кентінен қаланың екінші шетіндегі Мәскеу көшесі бойында орналасқан оқушылар сарайында орналасқан Д.Елеусінов атындағы бокс мектебіне кеткен.
Жаттығудан сағат 17.00-де шыққаннан кейін үйіне оралмаған. Өздері жан-жаққа хабар салып, іздегенмен, таба алмағаннан кейін полицияға жүгінген.
Баланың ата-анасы ұлдарын бір сағатқа жеткізбей тапқан полиция қызметкеріне алғысын жеткізді.