Оралда жол апатынан әйел адам қаза болды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында 14 тамыз күні белгісіз біреу мемлекеттік нөмірі жоқ «Raiser» мотоциклімен Достық даңғылы мен Ж.Досмұхамедов көшесінің қиылысында тоқтап тұрған «Лада Гранта» автокөлігімен соқтығысқан, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ішкі істер департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, соның салдарынан мотоциклде отырған 1982 жылғы Р. есімді азаматша оқиға орнында қаза тапқан. Мотоцикл жүргізушісі А. есімді азамат Орал қалалық көпбейінді ауруханасының жан сақтау бөліміне жатқызылған.
Қазіргі уақытта осы жол-көлік оқиғасына қатысты ҚР ҚК 345-бабы 3-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Оқиғаға қатысы бар адамдардың сөзіне қарағанда, марқұмның соңында үш баласы жетім қалды. Оған қоса күйеуі де биылғы наурызда жол-көлік оқиғасынан көз жұмған көрінеді.
Еске сала кетейік, бұдан бір күн бұрын, 13 тамыз күні кешкі сағат 21.00 шамасында Орал-Атырау күре жолының 133-шақырымында 1982 жылғы жүргізуші «Volksvagen Passat» автокөлігінің сол жақ дөңгелегі істен шығуына байланысты қарсы бетке шығып кетіп, 1970 жылғы азамат айдап келе жатқан «HYUNDAI SANTAFE» көлігімен соқтығысуға жол берген болатын. Соның салдарынан «Volksvagen Passat» автокөлігінің жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен Ақжайық аудандық ауруханасына жеткізілсе, екінші автокөліктегі 1985 жылғы азаматша көз жұмды.