Оралда жол апатынан тағы бір жүргізуші көз жұмды

БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 1963 жылғы жүргізуші Желтау (Свистун гора) маңында «ГАЗель» автокөлігінің руліне ие бола алмай, қарсы бетке шығып кетіп, «КамАЗ» көлігімен соқтығысуға жол берген. «ГАЗель» көлігінің жүргізушісі жедел жәрдем келгенше, оқиға орнында көз жұмған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрданат Беркінғалидың айтуынша, «ГАЗель» атокөлігінде болған, басынан жарақат алып, миы шайқалған 1971 жылғы әйел облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Қазір оның жағдайы орташа ауыр дәрежеде. Зардап шеккен үшінші адам ауруханаға жатудан бас тартқан.
Осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын, 20 тамыз күні таңғы сағат 06.00 шамасында 1996 жылғы әскери қызметші Орал қаласы аумағында «Лада Калина» автокөлігімен Подстепный-Меловые горки бағытындағы жолмен келе жатып, рульге ие бола алмай, Жайық өзенінен өтетін көпірдің қоршауына соғылып, қаза тапқан болатын.