Оралда жол апатынан жүргізуші мерт болып, алты адам ауруханаға түсті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында жол апатынан жүргізуші мерт болып, алты адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 6 шілде күні сағат 19:00-де Самара-Шымкент жолындағы 3-саяжай қоғамы аялдамасы тұсында болды.

«50 жастағы жүргізуші «Фольксваген Пассат» автокөлігінің руліне ие бола алмай, қарсы бетке шығып кеткен. Соның салдарынан 53 жастағы жүргізуші айдап келе жатқан «Тойота Авенсис» автокөлігімен соқтығысады. Жол апаты салдарынан 50 жастағы жүргізуші оқиға орнында көз жұмды. «Тойота Авенсис» автокөлігінде отырған 1988 жылғы жолаушы әйел ауруханаға жеткізілді. Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады департаменттен.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, жедел жәрдем сағат 19:27-де шақыртылған. Жүргізуші жедел жәрдем жеткенге дейін қайтыс болды.

Ауруханаға жеткізілген алты адамға бастапқыда қойылған диагноздар расталмады. Олардың бәрі де амбулаторлық ем алуға жіберілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында ток соққан екі ер адамның жансақтау бөлімінде жатқанын жазған болатынбыз. Екеуі әлі де ауруханада. Біреуі жансақтау бөлімінде, жағдайы тұрақты ауыр.


Соңғы жаңалықтар