Оралда жол салуды кешіктірген компанияны сотқа бермеген ауыл әкімі айыппұл төледі

ОРАЛ. KAZINFORM - Орал қаласына қарасты Желаев ауылында көше жолы уақытылы жөнделмегені анықталды.

жол
Фото: Бауыржан Ахметжан

Заңгер, БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі Бауыржан Ахметжанның Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлім еткеніндей, оған ауыл тұрғындары Абай Кенжебеков пен Айнаш Қуанова әкім мен мердігердің заңсыз іс-әрекеті туралы арызбен жүгінген.

жол
Фото: Бауыржан Ахметжан

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, жері қазылып, асты дайындалып, енді асфальт төселуі тиіс жолға (Бірлік көшесі 39, 39/1) жөндеу жүргізілмей, орнына басқа көше жасалған.

Goszakup.gov.kz порталының мәліметі бойынша биылғы 23 мамырда Желаев ауылдық округінің әкімі Арман Бисимбалиев пен «Орал жолдары» АҚ-ның басшысы Айдар Құрманов шарт жасаған.

- Ауыл көшелерін ағымдағы жөндеу жұмысының құны 73 млн 223 мың теңгеге бағаланған. Аяқтау мерзімі 2 шілде күніне белгіленген. Алайда жол салу жұмысы уақытында бітпеген. Сондай-ақ тұрғындардың осы шағымын Орал қаласы әкімі, прокуратурасы не қалалық мәслихат депутаты Константин Свешников те зерттемеген, дауға араласпаған, іс-әрекетсіздік танытқан, - дейді заңгер.

БҚО бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті жүргізген тексеріс нәтижесінде заң бұзылып, мердігердің жұмысты 41 күнге кешіктіргені анықталды. Сол үшін «Орал жолдары» бюджетке 1 млн 025,122 мың теңге тұрақсыздық айыбын төлеген.

жол
Фото: Бауыржан Ахметжан

Ауыл әкімі А.Бисимбалиев фирманы сотқа бермегені үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 207-бабымен кінәлі деп танылып, 58 980 теңге айыппұл төледі. Б.Ахметжанның пікірінше, егер ауыл әкімі сотқа берсе, фирма жосықсыз қатысушы ретінде танылуы мүмкін еді. Ондай жағдайда екі жыл бойы тендерге қатыса алмайды.

- Біз шағымданғаннан кейін үйіміздің тұсында ұзындығы 30-40 метрдей жолға асфальт қалдықтарын төсеп тастады. К-700 тракторымен тапады, бірақ катокпен тегістелген жоқ. Жол ойлы-қырлы, кей жері жұқа, кей жері қалың. Ауыл әкімі келесі жылы асфальтталады дейді. Оны да күтеміз. Екінші мәселе, қасымыздағы зираттың алды ойпаң, сондықтан су жиналады. Зиратқа келіп-кетушілер үшін қиын, - деді ауыл тұрғыны Абай Кенжебеков.

Желаев ауылдық округінің әкімі Арман Бисимбалиев кейбір уәждермен келіспейтінін білдірді. Оның мәлімдеуінше, ағымдағы жөндеу болғаннан кейін жоба жасалмаған.

жол
Фото: Бауыржан Ахметжан

- Мен өзім жөндеу жүргізіліп жатқан кезде бармап едім. Ауылдық округ әкімдігінің бөлім басшысы учаске шеберіне барып айтқан кезде ол түсінбей, жұмыс бағыты басқа көшеге бұрылып кеткен. Онда да 5-6 отбасы тұрады. Біз шарт бойынша мердігердің жұмысты бітіру мерзімі 31 желтоқсан деп ойладық. Жол уақытылы салынбағандықтан, БҚО бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті тексергеннен кейін айыппұл төлегенім рас, - деді ауыл әкімі.

Ол Бірлік көшесіндегі екі тұрғынның арызына қатысты түсінік берді.

жол
Фото: Бауыржан Ахметжан

- Бірлік көшесіндегі аталған екі үйден әрі қарай жол жоқ. Мен сол көше тұрғыны Айнаш Қуановамен сөйлесіп, алдағы жылы асфальт төсеу қарастырылатыны жөнінде келістім. Ал зиратқа қатысты айтар болсам, мен әкім болғалы алтыншы жылға ауды, оған келіп-кетіп жатқан адамдарды көрмедім. Көктемде қар суы Абай Кенжебековтің ауласының ішімен, зираттың алдымен элеваторға қарай өтеді. Зираттың ішіне су кірмейді. Ағымдағы жөндеу болғаннан кейін су өткізетін құбыр салу көзделмеген, - деп қосты А.Бисимбалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жол құрылысы талаптарын бұзған компанияға 2,5 млн астам теңге айыппұл салынғанын жазған едік.