Оралда жол жөндеуге бөлінген 272 млн теңгенің негізсіз жұмсалуына тосқауыл қойылды
АСТАНА. KAZINFORM — Орал қаласында 1,2 шақырым жолды күрделі жөндеуге бөлінген 272 млн теңгенің негізсіз жұмсалуына жол берілмеді. Прокуратура тексеру кезінде бюджет заңнамасының бұзылғанын және асфальт төсеудің экономикалық негіздемесі болмағанын анықтады. Нәтижесінде мемлекеттік сатып алу шарты бұзылып, жауапты бөлім басшысына қатаң сөгіс жарияланды.
Прокуратураның мәліметінше, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ұзындығы 1,2 шақырым жолды күрделі жөндеуге шарт жасасқан.
— Тексеру барысында бюджет заңнамасының бұзылғаны, жоспарланған жұмыстардың мәлімделген жөндеу түріне сәйкес келмейтіні, сондай-ақ аталған жол учаскесіне асфальт төсеу қажеттілігінің экономикалық негіздемесі жоқ екені анықталды. Прокуратураның наразылығы негізінде шарт бұзылып, 272 млн теңге бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді, — делінген хабарламада.
Жол берілген заңбұзушылықтар үшін аталған бөлімнің басшысы «қатаң сөгіс» жарияланды.
Заңдылықты қамтамасыз ету және бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын қадағалау прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Айта кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында коммуналдық кәсіпорын 74 қызметкерге тиесілі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын және өзге де төлемдерді аудармағанын жазған едік.