Оралда жүк пойызы ер адамды қағып кетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда жүк пойызы ер адамды қағып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 12 наурыз күні кешкісін локомотив депосының Орал стансасына кіреберіс тұсында болды.

Сағат 19.05-те Орал стансасы желілік полиция бөлімінің кезекші бөліміне жүк пойызының адамға соқтығысуына байланысты шұғыл тежеудің қолданылғаны жөнінде хабар келіп түсті.

Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 344-бабы 1-бөлігі, яғни теміржол көлігі жүрісі немесе оларды пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді.

«Оқиға орнына Орал стансасындағы желілік полиция бөлімінің жедел тергеу тобы шықты. Тексеру барысында Орал қаласының тұрғыны екендігі анықталды. Азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 559-бабы 5-бөлігімен, яғни белгіленбеген жерлерде теміржол арқылы өту бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Оған жедел түрде алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Қазір жағдайы бірқалыпты», - деп хабарлады ведомстводан.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, жедел жәрдем сағат 19.06-да шақырылып, бригада бес минуттан кейін жетті. Мас күйінде болған 1968 жылғы ер адам облыстық ауруханаға жеткізілді. Жағдайы қанағаттанарлық, сол аяғы көгерген.


Соңғы жаңалықтар