Оралда жүргізуші әйел полицейлер отырған көлікпен соқтығысты
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін таңертең Орал қаласындағы Депо көшесінде жол-көлік оқиғасы болып, үш адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға куәгерлерінің сөзіне қарағанда, «Рено» автокөлігін тізгіндеген әйел қарсы бетке шығып кетіп, рулінде полиция қызметкері отырған «Фольксваген Пассат» автокөлігімен соқтығысқан. Соңғы көлікте жолаушы ретінде тағы бір полиция қызметкері мен әйел адам болған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, жол апаты салдарынан 1987 жылғы әйел адам, 1977 және 1974 жылғы екі ер адам жарақат алды. Олардың үшеуі де облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Әйелдің білек сүйегі сынған. Полиция қызметкерінің бірінің жіліншігі сынса, екншісіне жабық бас-ми жарақаты деген алдын ала диагноз қойылған.
Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.