Оралдағы орталық паркте коммерциялық нысандар көбейтілмейді

ОРАЛ. KAZINFORM — Оралда 185 жылдық тарихы бар қалалық мәдениет және демалыс саябағында аттракциондар мен сауда алаңдарының көптігі жөнінде тұрғындар мен экологтар алаңдаушылық білдірген еді.

саябақ, шолу дөңгелегі
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Осы мәселеге орай Орал қаласының әкімі Мұрат Байменовтің мәлім еткеніндей, орталық парктегі коммерциялық нысандар келісімшарттарға сәйкес жұмыс істеп жатыр.

аттракцион, саябақ
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

— Бұдан былай мұндай нысандар саны көбейтілмейді, оған мораторий қойылды. Оның орнына саябақ басшылығына кепкен бұталарды кесіп, жасыл желекті көбейту міндеті жүктелді. Қазіргі кезде Шаған өзенінде екі кеме жүріп тұр. Жалпы, алдағы уақытта адамдар жақсы демалатындай осындай парктерді кеңейту көзделіп отыр. Өйткені қала халқының саны 370 мыңнан асты. Күні бүгін бірнеше сквер жаңартылуда, шаһарда қураған ағаштардың орнына талшын, бөртегүл, шетен сияқты әдемі тал-теректер отырғызылып жатыр. Басты мақсатымыз — облыс орталығын жасыл желекке айналдыру, — деді М.Байменов.

терек, ағаш, шырша
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Айта кетейік, бұдан бұрын экологтың әр қалада көлемі 30 гектар бір парк салынса, артық етпейтіні жөнінде айтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Қазақстанда аттракциондарды тексеретін сынақ орталықтары бар ма деген сауалға жауап іздеп көрдік.

Соңғы жаңалықтар