Оралдағы сайлау учаскесінде Қыз Жібек пен Төлеген дауыс берді
ОРАЛ. KAZINFORM — «Қыз Жібек» көркем фильмінің кейіпкерлерінің костюмдерін киген жұп Орал қаласындағы №513 сайлау учаскесіне келді.
Сәукеле, сыңғырлаған әшекейлер мен дәуірдің символына айналған көйлек. Бұл — қазақстандықтардың бірнеше буынына жақсы таныс образ. Қыз Жібек пен Төлеген — көпшілікке таныстыруды қажет етпейтін экрандағы ғашықтар. Сондықтан сайлау учаскесіне бірге келген жұпты сайлаушылар бірден таныды.
Экрандағы ғашықтар фильмдегі көріністердің бірін сахналап, көпшіліктің назарын өздеріне аударды.
— Біз жай ғана дауыс беруге келеміз деп ойлағанбыз. Ал мұнда кино көрсетіп жатқандай әсер қалдырды. Өте әдемі, — деп ерекше перформанстың куәсі болған қала тұрғындары өз әсерімен бөлісті.
Ал Төлеген мен Қыз Жібектің рөліндегі кейіпкерлер өздерінің Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актерлері екенін айтты. Сондықтан жарқын костюмдер де, кейіпкерлердің образын барынша дәл жеткізуі де кездейсоқ емес.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын елімізде Құрылтай депутаттарын сайлау басталғанын жазған едік.
Сондай-ақ 18 жастағы студент сайлауға алғаш рет қатысып, өз таңдауын жасағанын айтты.