Оралдағы «Балалар үйі» дүкенінің күзетшісін өлтірген күдіктілер құрықталды

АСТАНА. 11 сәуір. ҚазАқпарат - Оралдағы «Балалар үйі» дүкенінің күзетшісін өлтіру фактісі бойынша күдіктілер құрықталды.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада өткен апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.

«Батыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері Орал қаласындағы дүкендердің бірінде 50 жастағы күзетшіні пайдакүнемдік мақсатта өлтіру қылмысын ашты. Ағымдағы жылғы 1 сәуірде дене жарақаттары келтірілген және тұншықтырылып өлтірілген күзетшінің мәйіті «Балалар үйі» дүкенінде табылды. Оқиға болған жерден дүкенге арналған құжаттар, алтын бұйымдар мен дүкен иесіне тиесілі - 3 миллион теңгеге ақша салынған темір сейф ұрланып кеткен»,-деді ресми өкіл.

 Жедел-іздестіру іс-шаралар кешенін өткізу кезінде 23 және 35 жастағы екі жергілікті тұрғын қолға түсті. Тергеу барысында ұсталған 23 жастағы жас жігіт осы дүкенде жиһаз жинақтаушысы болып жұмыс істегені, ал екіншісі оның әпкесімен бірге тұратыны анықталды.

«Сол күні ол жұмыстан келіп, дүкенде еңбекақы беріп жатқаны және сейфте ірі ақша сақталып жатқаны туралы хабарлаған. Түнгі уақытта екеуі дүкенге келіп, онда қалған заттарды алу үшін күзетшіден есікті ашуды өтінген. Күзетші еш күдіксіз есікті ашып, екеуін ішке кіргізген. Содан кейін күзетшіні дүкеннің жертөлесінде өлтіріп,  дүкен директорының кабинетіне кіріп, сейфті ұрлап кеткен»,-деді Н. Ораз.

Ұсталғандардың бірінің үйіне тінту жүргізу барысында жасырын жерде сақталған 20 алтын бұйым табылып, тәркіленді. Сонымен бірге әпкесінің үйінен де алтын бұйымдар табылды.Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта дәлелдеу базасын қалыптастыруға бағытталған жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде және олардың басқа қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Соңғы жаңалықтар