Оралдағы көлік апаты: Зардап шеккендерге көмек көрсетілетін болды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда автобус пен «МАЗ» жүк көлігінің соқтығысуына байланысты зардап шеккендерге көмек көрсетіледі, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Твиттердегі парақшасында қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты. Сонымен қатар БҚО ішкі істер департаментінің басшылығына жол қауіпсіздігіне бақылау орнатуды күшейту және автопарктермен жұмысты ширату тапсырылды. Орал қаласы әкімдігі қаза тапқандардың отбасыларына қолұшын береді.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов бұл мәселенің нақтыланып жатқанын жеткізді.
Еске сала кетейік, автобус пен жүк көлігі соқтығысып, соның салдарынан екі адамның көз жұмып, жеті кісінің ауруханаға жатқызылғанын кеше жазған болатынбыз.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, «МАЗ-544065» автокөлігінің жүргізушісі Орал-Желаев жолы бойында рульге ие бола алмай, қарсы бетке шығып кетіп, №74 Трекин-Орал бағытында қатынайтын «ПАЗ-32054» автобусымен түйіскен. Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып,тергеу амалдары жүргізілуде.