Оралдағы мерекелік шеруге 40 мыңнан астам адам қатысты
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Оралда Қазақстан халқының бірлігі күніне орай мерекелік шаралар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Достық даңғылымен Қазақстан халқы Батыс Қазақстан облыстық ассамблеясы, облыс әкімдігі, басқарма, департаменттер, өңірдегі мекеме-кәсіпорындар, оқу орындары мейрамға тән сән-салтанатпен жүріп өтті.
Шеруге 40 мыңнан астам адам қатысып, Қазақ еліндегі достықтың тамыры тереңде, береке-бірліктің жыл санап нығайып келе жатқандығын көрсетті.
Абай алаңына жиналған жұртшылықты облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
«Бүгін - әрбір батысқазақстандық үшін, тәуелсіз Қазақстанның әр азаматы үшін бірлік пен ынтымақты, бауырмалдылықты танытатын жалпыұлттық мереке. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі 27 жыл ішінде орасан зор табыстарға қол жеткізді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елімізді дамытуда аянбай еңбек етіп, көпұлтты Қазақстанды алға жетелеп келеді. Күні кеше Ассамблеяның кезекті сессиясын өткізген Елбасымыз ырыс пен ынтымақтың, табыс-жетістіктердің кілті бірлікте екендігін тағы бір мәрте атап өтті. Биыл Астананың 20 жылдығы кең көлемде тойланады. Президенттің бес әлеуметтік тапсырмасына сәйкес жоспарлы жұмыстар жүзеге асады. Облыс халқы да мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қоса беретін болады», деді өңір басшысы.
Мереке концерттік бағдарламаға, басқа да қызықты шараларға ұласты.

