Оралдағы тұрғын үйде жарықшақ пайда болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оралда тоғыз қабатты үйде жарықшақ пайда болды, деп хабарлайды Мой ГОРОД басылымы.
Оралда «Көктем» шағын ауданының тұрғындары жаңа тұрғызылған үйлердің сапасына шағымданды.
«Біз мемлекеттік қызметкерлерге арналған бағдарлама бойынша көшіп келдік, жаңа пәтерде тұрамыз деп қуанып едік. Бірақ, қуанышымыз алғашқы жаңбырға дейін ғана созылды. Шілде айында жаңа пәтерге орналастық, ал қыркүйекте үйдің төбесінен су аға бастады. Енді үйдің сапасыз салынғанына көзіміз жетті. Алғаш рет аяз түскенде, балкон ішіне мұз қатты. Үйді салған мекемеге қанша рет барсақ та, нәтиже жоқ. Ашық есік күндері әкімге де бардық», - деді жаңа үйдің тұрғыны Фарида Лұқпанова.
Тұрғындардың айтуынша, үйдің шеткі бұрыштарында орналасқан пәтерлерде сыз бар.
«Біздің пәтеріміз бұрышта орналасқан. Қалай қыстап шыққанымызды көрсеңіз ғой. Дымқыл сыздан қызымда аллергия пайда болды», - деді тағы бір тұрғын Бибіхан Төлебаева.
Жаңа қоныстанушылар өз балкондарына шығуға қорқады, себебі онда су жиналып, сылақтары түсіп жатыр.