Оралдық кинологтар «Батыс» өңірлік қолбасшылығы біріншілігінде жеңімпаз атанды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы 6655-әскери бөлім базасында кинолог мамандар арасында ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жекелей-командалық біріншілігінде оралдықтар жеңімпаз атанды.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Ақтау, Орал, Ақтөбе, Атырау және Жаңаөзен қалаларында орын тепкен 3502, 5517, 6655, 5546, 6656 және 5548-әскери бөлімінен келген әскери кинологтар бес күн бойы қызметтік иттерді күзет-іздестіру, есірткі іздеу және мина іздеу дәрежелері бойынша қолданудан сынға түсті.
Байқау мақсаты кинолог мамандардың кәсіби шеберлігін жетілдіру, қызметтік иттердің дайындық деңгейін көтеру, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеру және тәжірибе алмасу болатын. Подполковниктер, 6655-әскери бөлім командирі Еркін Жаңабергенов, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы кинологиялық қызмет бастығы Тимур Рахимовтың атап өткеніндей, қоғамдық тәртіпті сақтауда, қылмыс атаулымен күресте қызметтік иттер маңызды рөл атқарады.
Сайыс қорытындысында командалық есепте Оралдағы 5517-әскери бөлімінің кинологтары жеңімпаз атанды. Ақтөбедегі 6655-әскери бөлім командасы екінші, ақтаулықтар үшінші орынды еншіледі.
Жекелей сында іздестіру қызметі сайысында оралдық сержант Артур Оразов Рой деген итімен үздік шықса, мина іздеуде де ол Мечта деген итімен алдына жан салмады. Есірткі іздеуден ақтөбелік аға сержант Ақылбек Серғазиев Есси деген итімен озды.
Барлық жеңімпаз-жүлдегерлер кубок, медальдармен, грамоталармен марапатталды.