Оралдық құтқарушылар тағы бір баланы суға кетуден аман алып қалды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында сағат 15.03 шамасында 2007 жылғы бала Шаған өзеніне суға кетіп қала жаздады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз хатшысы Нұргүл Мұқанованың айтуынша, құтқарушылар Сергей Гохгалтер мен Бекжан Айтқалиев балалардың жаяу жүргіншілер көпірінен секіріп, суға түсуге болмайтын жерде шомылып жүргенін байқаған. Сәлден кейін біреуі бата бастаған. Құтқарушылар қайықпен жетіп, баланы судан алып шықты. Содан кейін оларға ересек адамдардың қарауынсыз суға, соның ішінде тыйым салынған жерге түсуге болмайтынын айтып, түсіндірді.
Құтқарылған Алдияр есімді бала Қазталов ауданы Талдыапан ауылынан келген екен.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 6 тамыз күні құтқарушылар «Самал-3» шағынауданы маңында 2005 және 2008 жылғы екі баланы Шаған өзеніне батып кетуден аман алып қалған болатын. Суға түсу маусымы басталғаннан бері 20 адам құтқарылса, соның тең жартысынан астамы балалар болып отыр.