Оралдық оқушының жобасы тәжірибелік сараптаудан өтуде

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Қуаныш Аманғалидың инновациялық жобасы облыстық қан орталығында тәжірибелік сараптаудан өтуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оралдық оқушының жобасы тәжірибелік сараптаудан өтуде

Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Ақмоншақ Жұмаеваның айтуынша, Қуаныштың жобасы жуырда Астанада өткен инновациялық жобалардың ұлттық олимпиадасында үздік ондықтың қатарына енді.

Аталмыш шараны «Қазақстан - 2050» жалпыұлттық қозғалысы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен республикалық «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығымен бірге ұйымдастырған еді.
null

«Қазақстан - 2050» жалпыұлттық қозғалысы осы жылдың шілдесінен бастап қазан айына дейін еліміздің барлық аймағындағы мектептерден «Жасыл энергетика», «ІТ», «Модельдеу және робототехника», «Тұрмысқа пайдалы өнертабыстар» тақырыптары бойынша оқушылардың жобаларын қабылдады. Аталған олимпиаданың негізгі мақсаты - оқушылардың жобаларын әрі қарай дамыту және өндіріске енгізу. Олимпиадаға 200-ден аса жоба ұсынылса, соның 20-сы іріктеуден өтіп, қазылар алқасының алдында қорғалды. Соның ішінде 10 үздік жобаға арнайы менторлар бекітіліп, оқушылардың жобасын әрі қарай дамытуға жол ашылды.

Қуаныш Аманғалидың «Потенциалды қан тапсырушыларды іздеудің инновациялық жүйесі» деп аталатын жобасы үздік 10 жобаның қатарына енді. Нәтижесінде Қуаныштың менторы болып MOS Business Incubator кәсіпорнының бас директоры Павел Коктышев бекітілді. Енді олар жобаны әрі қарай дамыту және оны халық тұтынатын тауарға айналдыру мақсатында жұмыс жасайтын болады.

null

Қуаныш Аманғалидың жобасы екі компоненттен тұрады: ZhureqForm және ZhureqLink. Алғашқысында арнайы постерлар жасалып, онлайн формасында сауалнама толтыру және деректер базасын жасақтау қарастырылған. Ал екінші бөлікте қан тапсырушыларды іздеуге арналған дербес әлеуметтік желі жұмыс жасайды. Аталмыш деректер базасы қажет кезінде донорды тез табуға үлкен септігін тигізбек. 

Айта кетейік,  жоба жетекшісі - информатика пәнінің мұғалімі Айсұлу Сүлейменова

null