Оралдық тұрғынды 400 мың теңгеге «отырғызып» кеткен алаяқ ұсталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдық тұрғынды 400 мың теңгеге отырғызып кеткен алаяқ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, белгісіз біреу әкесінің өліміне байланысты қарызға ақша сұрап, М. деген азаматқа қоңырау шалған.
Бейтаныс адамның сөзіне сеніп қалған М. оның «Сбербанк» АҚ-дағы есепшотына 400 мың теңгені аударып жіберген. Тек содан кейін ғана алданып қалғанын білген оралдық тұрғын полицияға шағым түсірген.
Жуырда БҚО ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері осы қылмысқа күдікті ретінде 1989 жылғы Б-ны анықтап, қолға түсірді. Ол келтірілген залалды сол бойда өтеген.
Осы дерек бойынша Орал қалалық ішкі істер басқармасы ҚР ҚК 190-бабына сәйкес (алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.