Оралдықтар академик Зейнолла Қабдоловты еске алды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Аңыз тұлға: ұстаз, ғалым, жазушы» тақырыбында өткен конференция мақсаты Зейнолла Қабдоловтың ғылыми және әдеби мұрасын қазіргі заман тұрғысынан терең таныту, отандық әдебиеттануға қосқан үлесін айқындай түсу болатын.
Университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, академик Асхат Иманғалиев Зейнолла Қабдоловтай дуалы ауыз сөз зергерінің айтқан өнегелі ой-пікірлері ұлтты елдік пен бірліккке үндегенін атап өтті. Ол қазақ қауымының рухани өмірінде азаматтық пен кісіліктің, кішілік пен зиялылықтың шынайы үлгісі бола білді.
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының төрайымы Ақұштап Бақтыгереева артына «Әдебиет - ардың ісі» деген ұлы сөз қалдырған академик Зейнолла Қабдоловтың еңбектері қазақтың мәңгілік мұрасы болып қала беретінін жеткізді.
Конференцияда сондай-ақ ғалымдар Мұрат Сабыр, Құспан Аронов, Ғабит Хасанов, Абат Қыдыршаев академиктің сан қырлы қадыр-қасиетіне тоқталды.
«Конференцияда академик Зейнолла Қабдоловқа қатысты естеліктер жинағын шығару жөнінде ой айтылды. Көршілес Атырау облысы Қызылқоға ауданынан түлеп ұшқан ғалым көзі тірісінде Ақ Жайыққа талай келді. Соның ішінде Орал педагогикалық институтында (қазіргі БҚМУ) дәріс оқыды. Осы Оралдың өзінен белгілі әдебиеттанушы-ғалым Серікқали Шарабасовтай шәкірттер тәрбиеледі. Қазіргі студенттердің де академик еңбектерін қолына алып, сөз өнерінің тереңіне бойлай беретіні анық», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне филология факультетінің деканы Зейнолла Мүтиев.