Оралмандар Үкіметке үмітпен қарайды - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 10 шілде, бейсенбі күні республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларын қамтыған «Мерейлі отбасы» байқауының Қызылорда облысы бойынша жеңімпаздары Әлібековтер «Мерейлі отбасы» байқауында бірінші орынды жеңіп алды, деп жазады "Егемен Қазақстан" газеті бүгінгі санында.
Басылымның жазуынша, мемлекетте қалыпты даму және бар. Экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан өсім айрықша байқалады. Бірақ, жас отбасыларда баяғыдай бала көп емес. Бірнеше баламен ғана шектеліп жатады. Дегенмен, ара-тұра көп балалы отбасылар жайында да біліп қаламыз. Міне, сондай шаңырақтың бірі - Әлібековтер.
Шаңырақтың шаттығы, отбасының киесі Лаура Шохашова жеті баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана, «Алтын алқа» иегері. Үйдің үлкені Данияр оныншы сыныпта оқиды. Таэквандодан республикалық жарыстарға қатысып, чемпион атанып жүр. Ал, екінші ұлдары Рамазанның ойы жүйрік, өнертапқыш. Физика пәнін сүйіп оқиды.
Отанасы Лаура Шохашова 2007 жылы егіз баланы дүниеге әкелді. Өткен жылы Әлібековтер отбасында үшем өмірге келіп, шаңырақ шаттыққа толып, бақытқа кенелді. Бүгінде Інжу, Маржан, Бекжан атты үш бүлдіршін ата-анасының көз қуанышы болып өсіп келеді. Осылайша, бүгінде бұл шаңырақта жеті бала өсіп келеді. Ал отағасы Мейрамбек Әлібеков «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» компаниясында қаржы бөлімінің басшысы болып қызмет атқарады. Отбасында ұлағатты әке, жұмыста абыройлы маман. Өз ісінің білгірі, өте еңбекқор адам. 2009 жылы «Ең үздік басшы» номинациясына ие болған. Жуырда «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» компаниясы президентінің күміс жүлдесімен марапатталды.
ЭКСПО - Бүкіләлемдік әмбебап жетістіктер көрмесі. Бүкіләлемдік әмбебап көрмелер тарихы 1851 жылы Лондон қаласында өткізілген «Барлық халықтардың өнеркәсіптік еңбектерінің ұлы көрмесінен» бастау алады. Бір сәт зейін салып, ойланып көрейікші, барлық халықтардың еңбектері жетістіктерінің ұлы көрмесі! Яғни, енді үш жылдан кейін егемен еліміздің елордасы - Астана қаласында адамзат ақыл-ойының қазіргі күнге дейінгі қол жеткізген жетістіктерінің озық үлгілері паш етілетін болады. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" газеті бүгінгі санында жазды.
Басылымның атап өтуінше, ХХІ ғасырдың өркениет биігіне батыл қанат қаққан тәуелсіз Қазақстанның 2012 жылғы басқа жетістіктерін былай қойғанда, әлемнің алдыңғы қатарлы 161 мемлекеті мүше болып табылатын Халықаралық көрмелер бюросының аламан бәйгесінде қара үздіріп, Бүкіләлемдік мамандандырылған көрме өткізу құрметін жеңіп алуы төрт құбыласы түгел дамыған елдердің де маңдайына бұйыра бермейтін бақыт еді. Бұл жеңіс - егемен еліміздің еркіндік алғаннан бергі жылдар ішіндегі салиқалы саясатын, «Қазақстан феномені» атанған экономикалық жетістіктерін мойындау, төрткүл дүниенің толғақты түйіндерін талқылайтын жаһандық орталыққа айналған Астананың ашықтығының жеңісі. Иә, Батыс пен Шығыс өркениетін жалғастыратын алтын көпір атанған Астананың айтулы эстафетасы енді Дүниежүзілік көрмелер алаңы - ЭКСПО-2017-ге ұласпақ.
"Астанада 2017 жылы ЭКСПО көрмесін өткізу елорданың, жалпы бүкіл еліміздің экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына жаңа серпін береді. 2017 жыл Қазақстанның бас қаласы - Астана үшін айрықша айтулы жыл болмақ. Бұл жылы Астана қаласының 20 жылдық мүшел тойы аталып өтіледі. Арқа төсіндегі ару қала төрткүл дүние көз тігетін жаһандық оқиға алаңына айналады. Яғни, 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында көрмеге әлемнің 100 елі мен 10 халықаралық ұйымнан 5 миллионға тарта турист келмек. Бұл Қазақстанның халықаралық сахнадағы беделін бұрынғыдан да арттырып, Астананың атағын тағы да жаһанға жария етеді. Ұзағынан болғай!" - дейді мақала авторы.
***
Оралман мәселесіне қайта оралуға тура кеп тұр. Кейінгі кезде атамекенге келген ағайындардың сыртқа, келген жағына қайта ат басын бұрып жатқан жағдайлары да кездесуде. Қалай айтқанда да, қазақтың қандасымен шоғыры көбейеді, қатары артады. Сондықтан оралман мәселесі күн тәртібіне қайта шықты. Оның саяси және демографиялық себебі де бар екені айтпаса да түсінікті. Осыған байланысты Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, Қазақстан Жазушылары кітапханасымен бірлесе отырып көші-қон мәселелері бойынша дөңгелек үстел өткізді. Жиынға Алматы қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы, Алматы қаласы Көші-қон полициясы, Алматы қаласы Халыққа қызмет көрсету орталығы, қоғамдық ұйымдар өкілдері және шетелдерден келген қандастар қатысып, көші-қон саласы бойынша заңнамалық актілер, олардағы соңғы өзгерістер мен толықтырулар туралы және Көші-қон заңына енгізілуі тиіс өзгерістер туралы пікір алмасты. бұл туралы "Айқын" газеті бүгінгі санында "Оралмандар Үкіметке үмітпен қарайды" деген мақалада жазылған.
Шетелден келетін этникалық қазақтар ескеретін бір нәрсе, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен қор жанынан «Оралмандар орталығы» жұмыс істеп жатыр. Ағайынның көші-қонға қатысты қандай да бір сұрағы болса, оларға заңгер кеңес бере алады. Сонымен қатар, оралмандарға қатысты ақпараттарды «Жанашыр.ком», «Шалқар.кз» сайттарынан да оқуға болады.
"Расында да, қандастарға қатысты үкіметтің арнайы бағдарламасы қажет-ақ. Тіпті кейінгі кезде Президентке тікелей бағынатын көші-қон агенттігін құру жөнінде де мәселе көтеріліп жүр. Қалай айтқанда да, шетелдегі отандастар - өз ағайынымыз. Сондықтан оралмандарға қатысты көзқарасты өзгертетін кез жетті. Бұл мәселе алдағы уақытта болатын арнайы отырыста кеңірек талқыланады деген ойдамыз. Қаракөздердің саны қандастарымызбен толығып жатқанын ұмытпауымыз қажет. Қазақтың саны өскені өзімізге қуаныш. Сондықтан сырттан келетін ағайынға барлық қамқорлық жасалуы керек", дейді басылым.
***
АҚШ-тағы ең бай 10 отбасының қатарына медианарық, сауда өкілдері, сондай-ақ жуғыш заттар сатушылар еніп отыр. Мұндай тізімді америкалық Forbes журналы жасады деп жазады "Казахстанская правда" газеті бүгінгі санындағы "Forbes составил список 185 богатейших кланов Америки" атты мақаласында.
Сонымен, АҚШ-тағы және әлемдегі ең бай Уолтондар отбасы болды, олар Wal-Mart супермаркеттер желісінің негізін қалаушы Сэм Уолтонның үш ұлы. Уолтондардың бизнесі 1962 жылы Арканзас штатында бастау алған, қазіргі байлығы $152 млрд. деп бағалануда.
Екінші орында ағайынды Кохтардың отбасы тұр. Олардың байлығы $89 млрд. Бастапқыда бұлардың әулеті мұнай өңдеу арқылы байыған, ал қазір бизнестің түрлі салаларын дөңгелетуде.
Үшінші орынд $60 млрд. байлықпен Марстар әулеті тұйықтады. Олардың бизнесі негізінен азық-түлік саласы. Сондай-ақ танымал Mars шоколады да осы отбасыға тиесілі.