Оралмандарға азаматтық беру үдерісін жеделдету қажет - Г. Оразбаева
АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Қазақстанға келетін этникалық отандастарға азаматтық беру мәселесін жеделдетіп шешу керек. Бүгін елордада ЕҚЫҰ аясындағы Шолу конференциясының «Мигранттарға қатысты төзімсіздік» сессиясында сөз сөйлеген Ақмола облысы «Жәбірленушілерге көмек орталығы» қоғамдық қорының өкілі Гүлнара Оразбаева осылай мәлім етті.
«Миграция - жаһандану элементтерінің бірі. Сондықтан бұл бағыттағы проблемаларды уақытылы шешу қажет. Ал Қазақстанның елордасында аталған мәселенің ЕҚЫҰ шеңберінде талқылануы еліміздің толеранттығын білдіреді. Сонымен қатар, 1991 жылдан бері Қазақстан 1 млн.-нан астам этникалық қазақтарды қабылдап, оларды жұмыспен қамтуда, орналастырып, бейімдеуде үлкен шаралар атқаруда. Алайда, бұл бағытта шешімін табуды қажет ететін бірқатар кемшіліктер байқалуда. Мәселен, біз оралман мәртебесін иеленген азаматтарға Қазақстан азаматтығын беру үдерісін жеделдетуді ұсынамыз. Бұл ретте азаматтардың қай елден келгеніне қарамастан, тіпті сол елмен келісімшарттардың болу-болмауына қарамастан, ондай үдерісті шапшаң қабылдауды оң шешу керек», деді Г. Оразбаева. Оның айтуынша, оралмандарды бейімдеуге қатысты бірқатар жағдай жіті назар аударуды қажет етеді. Мәселен, қоғамдық ұйым өкілінің айтуынша, оралмандар үшін тілдік кедергімен қоса, жазу мәселесіне қатысты бейімдеу шаралары терең жүргізілуі шарт.