Оралмандарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау көлемі олардың орналасатын аймақтарына қарай жіктелетін болады

АСТАНА. Қазанның 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - «Халықтың көші-қоны туралы» жаңа заң жобасына сәйкес оралмандарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау көлемі олардың орналасатын аймақтарына қарай жіктелетін болады.
None
None

 Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде көші-қон саласындағы заңнамалардың халықаралық тәжірибесіне арналған семинар  барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жауапты хатшысы Тамара Дүйсенова осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заң жобасында этникалық миграция саясатындағы сабақтастықты сақтаумен қатар, яғни азаматтардың көшіп келуі үшін квота және  оралман мәртебесін берумен қатар біршама өзгерістер де қамтылып отыр. Атап айтқанда, шетелдерде тұратын этникалық қазақтармен, оның ішінде тарихи отанына көшкісі келетіндермен жұмыс істеудегі Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерінің ролі арта түседі. Бұдан басқа, этникалық қазақтардың көшіп келуі үшін  өтініш беру тәртібі өзгертіледі. Егер бұрын квотаға және оралман мәртебесіне өтініш Қазақстан Республикасына келгеннен кейін берілсе, жаңа жобада ондай өтініштерді Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелері арқылы беру мүмкіндігі қарастырылуда. Мәселен, шетелдік отандастар Қазақстанның сол елдегі мекемесіне өзінің өтінішін береді, бұл өтініште оралманның еліміздің қай өңіріне орналасқысы келетін ниеті де көрсетіледі. Ал сол өтініш көрсетілген облысқа табысталып, онда оралманның көшіп келіп, орналасуына мүмкіндіктерінің барлығы туралы келісім алынады. Бұдан кейін жаңағы азамат отбасымен Қазақстанға келіп өзінің көрсеткен облысына орналасып, әлеуметтік қолдауларын алатын болады», деді Тамара Дүйсенова.

Оның айтуынша, жобаға сәйкес оралмандарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау көлемі олардың орналасқан аймақтарына қарай жіктелетін болады. «Өткен жылы біз «Нұрлы көш» бағдарламасын қабылдағанбыз. Соған сәйкес, республикамыздың солтүстігіне көшіп келетін отбасыларға берілетін әлеуметтік топтама оңтүстік өңірдегілерге қарағанда екі есеге көп болады. Бұл ретте иммиграция квотасына қосылғаннан кейін міндеттелген шарттарды орындамаған жағдайда, әлеуметтік қолдау түрінде алған қаражатты қайтару міндеттемесі енгізіледі. Қазіргі күні оралмандардың 60 пайызы оңтүстік өңірлерге шоғырланған», деді Жауапты хатшы.

Сонымен бірге, заң жобасында гуманитарлық және саяси жағдайлар бойынша иммигранттар санаты толығып отыр. Мәселен, бұрын бұл санатта босқындар және саяси баспана берілетін тұлғалар болатын. Енді осы тапқа миссионерлер мен еріктілер, Қазақстан Республикасына қайырымдылық, гуманитарлық көмек көрсету және гранттар беру мақсатында халықаралық келісімшарттар аясында келетін иммигранттар да қосылуда. «Иммигранттардың бұл санатының Қазақстан аумағында кіру мақсатында қарастырылған қызметтерден басқа шаралармен айналысуға құқы болмайды», деді Т. Дүйсенова.  

Соңғы жаңалықтар