Ораза айт мейрамы барлық қазақстандықтарды біріктіреді - С.Кулагин (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин таңсәріден Көкшетау қаласындағы Науан-Хазірет атындағы орталық мешітке бас сұғып, Айт намазына жиылған жамағатты діни мерекемен құттықтады.
- Ораза айт мейрамы мұсылмандарды ғана емес, барлық қазақстандықтарды біріктіретін ортақ мереке. Біздің халық ислам дінінің бейбітшілік, келісім мен толеранттықтың, үйлесімнің діні екендігін өздерінің өнегесімен көрсетуде. Бүгін өзінің мәресіне жеткен Рамазан айы бізді бейбітшілікке, келісімге, ынтымаққа шақырып, жақсылық істер жасауға, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге үндейді. Мен сіздерді әрі қарай да Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев негізін қалап берген рухани келісім мен татулықта өмір сүруге шақырамын. Киелі Ораза айт мерекесі әр үйге бақыт пен жақсылық әкелсін, Айт қабыл болсын! - деді өз құттықтауында өңір басшысы.
Әкімнің сөзінен кейін айт намазын оқу рәсімі басталды.