Ораза айына қарамастан, дүкендеріміздің ішімдіктерге лықа толып тұруы нені білдіреді - республикалық басылымдарға шолу

***
«Құқық қорғау ведомстволарының бірін-бірі қайталауын болдырмай, олардың жұмысын тиімді ету, әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, бұрынғы кеңестік жүйенің келеңсіз мұраларынан арылу қажет. Біз өткен жылдарда көп іс атқардық. Мұны барлық әлемдік сарапшылар айтып отыр. Енді осы реформаны атқару ғана қалды. Біз өз азаматтарымыздың құқықтары жақсы қорғалғанын, құқық қорғау жүйесінің өзіндегі сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қойылғанын қалаймыз. Жауапкершілікті күшейту маңызды және бұл органдардың әрқайсысын өз ісімен айналысатындай ету керек», деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Ақордада өткен құқық қорғау жүйесін реформалау жұмыстарына байланысты кеңесте. Жиында көтерілген өзге де бірқатар мәселелер жөнінде білгіңіз келсе, «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Азаматтар құқы жақсы қорғалуы тиіс» атты мақаланы қараңыз.
Сондай-ақ осы басылымның бүгінгі санында «Қазақтың санасы оянбай бәрі бекер» атты тартымды мақала жарияланыпты. Аталмыш мақаланың авторы Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп директоры Ербол Іргебайдың сөзіне қарағанда, қазіргі күні ана тілін білмейтін қазақтар мемлекеттік қызметте де, кәсіпкерлік саласында да жетіп, артылады. Бизнестегі азаматтар болса, «Тілің маған не берді? Мен ел экономикасына қаржы кіргізіп жатырмын», деп кергиді. «Ал мемлекеттік, азаматтық қызметтегілерге не жорық. Көпшілігінің үйренемін деген құлқы жоқ, үйренуге ұмтылмайды да. Олай дейтінім, қаладағы орыс тілді немесе аралас мектептерді алып қарасаңыз, орыс сыныптарындағы отырған оқушылардың 80 пайызғы жуығы өзіміздің қаракөздер. Егер тілге, ұлтқа жаны ашыса, келешекте қазақ тілін білмей қызмет істеу мүмкін еместігін сезінсе, ата-аналары бұлай істемеген болар еді», дейді мақала авторы.
***
«Алаш айнасы» басылымының хабарлауынша, қазір шариғат үйреніп, діни сауат ашқысы келген қазақ жастары шетелге барып, білім алып келуге мәжбүр. Әдетте олардың елге оралғандарын бірден имамдыққа шығарып немесе білім ордаларына ұстаз етіп қоямыз. Дін Ислам біреу болғанымен әлемдегі ислам мемлекеттерінің саны көп. Олар тарихы, жағрапиялық мекені, саяси жағдайы бойынша, әртекті болып келеді. Осы қажеттіліктен Исламда «мазхаб» деген ұғым пайда болды. Қарапайым түрде айтқанда, «мектептер», «құқықтық ерекшеліктер» дегенге саяды. Бұл мәселе «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Жамағаттар жағрапиясы» атты мақалада.
Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, бүгінде Қазақстан халқының басым бөлігі - мұсылмандар. Соған қарамастан, азаматтарымыз ислам құндылықтарын оң түсініп, шарттарын дұрыс орындамай жатқандай. Себебі өзге ислам мемлекеттері ораза айына ерекше дайындықпен келеді, тіпті бір ай бойына қамданады. Азаматтардың барлық тазалықты сақтауына жағдай жасайды, азаматтар да жаман қылықтарынан барынша арылуға тырысады.
Ал біз әлі де болса самарқаумыз. Мәселен ораза айына қарамастан, дүкендерімізде ішімдіктердің неше түрі лықа толып тұрады. Мейрамхана, кафе және басқа да орындарда «арам сулар» үзіліссіз сатылады. Жалпы ораза айына дайындық қалай болуы керек ? Бұл туралы «Алаш айнасы» басылымының осы санындағы «Қасиетті айға тағы да дайындықсыз келдік» атты мақалада.
***
«Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аясындағы 56 мемлекеттің ортақ келісім алаңын қалыптастырды.
Бұл елде ЕҚЫҰ саммитінің өтуі заңды. Себебі ұйымға мүше мемлекеттердің барлығы Қазақстанға осындай маңызды шараны ұйымдастыруды сеніп тапсырып отыр. Бұл - тек Қазақстан үшін ғана емес, халықаралық ұйым үшін де үлкен маңызы бар аса жауапты міндет. Өйткені Саммит ЕҚЫҰ-ның қызметіне жаңа, тың серпін береді деген үміт бар. Саммиттің өткізілмегеніне міне 11 жыл болыпты. Ал әлемде үлкен өзгерістер болып жатыр. Олардың бірі жағымды, бірі жағымсыз. Аймақтарда әлі шешілмеген түйткілді мәселелер бар. Мемлекет өкілдерінің арасында жаңа көзқарас алшақтықтары да пайда болуда. Сондықтан да бұл қауіпсіздікті нығайтып, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты арттыру бағытындағы өте үлкен оқиға болады», деп жазады «Айқын» басылымы бүгін шыққан санында. Бұл туралы басылымдағы «Қазақстанда ЕҚЫҰ саммитінің өтуі заңдылық» атты мақалада жан жақты айтылған.
Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, Ұлттық әуе тасымалдаушы - «Эйр Астана» мемлекет активтерін жеткілікті деңгейде тиімді басқара алмай отыр. Ұлттық компания азаматтық авиацияның дамуына да жол аша алмауда. Ұлттық әуе компаниясы жұмыс істеген уақыт аралығында бірде-бір әуе кемесі жеке меншікке сатып алынбаған. «Эйр Астананың» жолаушылар мен жүк тасымалы үшін пайдаланылған ұшақтардың барлығы операциялық лизингте тұрған. Олардың кейбіреуі 20 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді екен. Есеп комитетінің деректеріне қарағанда, былтыр лизингтік төлемдер бойынша жалпы шығын 404,8 миллион долларға шыққан. Аталған мәселе туралы жан-жақты ақпарат алғыңыз келсе, «Айқынның» бүгінгі санындағы «Есеп комитетінің есебін кім ескереді ?» атты мақаланы қараңыз.
***
«Казахстанская правда» басылымының хабарлауынша, елордада азаматтардың тұрғын үй саласындағы құқықтарын қорғайтын «Право на жилье» атты жаңа қоғамдық бірлестік жұмысын бастады. Аталмыш ұйым өкілдері үлескерлер мен несиеге үй алушыларға, мансарды сатып алушыларға және өзге де ел азаматтарына қол ұшын созып, олардың бұзылған құқықтарының қалпына келтіруге ықпал етпекші. Жаңа құрылған ұйымның жұмыс тәсілі мен болашақ жоспарлары жөнінде «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Достойный доход - в правовом поле» атты мақаладан оқи аласыз.
***
«Литер» басылымының жазуынша, Қазақстан экономикалық өсім жағынан Ресейді басып озды. Еліміз посткеңестік елдер арасында экономикалық өсім жағынан лидер болып отыр. Бұл мәліметтерді ТМД-ның Статитикалық комитеті таратқан. Ондағы деректер бойынша Қазақстандағы ішкі жалпы өнімнің өсімі 8,3 пайызды құрап отыр. Ең қуаныштысы, қарқынды өсім, әсіресе өнеркәсіп секторында байқалды. Бұны еліміздің индустриялық-инновациялық стратегиясының алғашқы нәтижелері деп білу керек. Бұл жайлы «Литер» басылымының бүгінгі санындағы «Обогнали ВВП» атты мақалада жан-жақты ашып көрсетілген.